Қазақстанда онкологиялық ауруларды анықтаудың жаңа әдістері енгізіледі

Автор: Асқарова Қарлығаш

Бұйрық жобасы  12 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда онкологиялық ауруларды диагностикалау тәсілдерін жаңарту көзделіп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі зертханалық диагностиканы ұйымдастыру стандартына өзгерістер енгізуді ұсынып, тиісті бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құжатта зертханалық диагностика жүргізу тәртібі, зерттеулердің көлемі мен түрлері нақтыланған. Министрлік бұл өзгерістердің мақсаты – зертханалық қызметті денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі талаптарына сәйкестендіріп, диагностикалық зерттеулерді ұйымдастырудағы құқықтық қайшылықтарды жою екенін атап өтті.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі – онкология саласындағы референс-зертханалардың жұмысына молекулалық-генетикалық зерттеу әдістерін енгізу. Сонымен қатар, гистологиялық зерттеу клиникалық зертханалық әдістер тізімінен алынып, патологиялық-анатомиялық қызметтің құзыретіне бекітіледі.

Ведомствоның мәліметінше, бұл қадам медициналық көмек көрсету стандарттары, лицензиялық талаптар және медицина қызметкерлерінің біліктілік сипаттамалары арасындағы сәйкессіздіктерді жоюға мүмкіндік береді.

Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 12 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.