Қазақстанда цифрландыру жаңа кезеңге өтті: мемлекеттік басқару қалай өзгеріп жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Бірқатар салаға цифрландыру кіріктірілген

Фото: shutterstock.com

Соңғы бір жылда Қазақстанда жарияланған жаңалықтарға көз жүгіртсеңіз, бір сөз үнемі қайталанып отырғанын байқайсыз, – ол цифрландыру. Бұрын бұл ұғым көбіне мемлекеттік қызметтер порталымен немесе банктік қосымшалармен шектеліп келсе, бүгінде ол мәдениеттен бастап түрме жүйесіне, экологиядан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға дейінгі мүлдем әртүрлі салаларға тарап үлгерді. Бұл енді бір ведомствоның ғана емес, тұтас мемлекеттік басқарудың жүйелі бағыты екенін көрсетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астанада жылдың басында өткен мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында вице-премьер, министр Аида Балаева саланың алдағы бағытын айқындап берді. Министрдің мәліметінше, негізгі заңға енгізілген өзгерістер ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау ісін конституциялық деңгейде бекіткен, бұл мәдени саясаттың ендігі жерде тек салалық емес, мемлекеттік стратегиялық басымдық ретінде қаралатынын білдіреді.

Яғни мәдениет саласындағы цифрландыру енді жеке жоба емес, министрліктің жұмысын анықтайтын бас бағыттардың бірі болып отыр.

Ел ішінде цифрландырудың бармайтын жері жоқтың қасы тіпті ең консервативті сала саналатын қылмыстық-атқару жүйесі де өзгеріске ұшырап жатыр. Ішкі істер министрлігі сотталғандарды ұстау тәртібін жаңартатын бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Жобаға сәйкес, ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемелерде жазасын өтеп жатқан азаматтарға мекеме аумағынан тыс жерде смартфон пайдалануға рұқсат беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұған қоса, сотталғандар кездесу ұйымдастыру немесе елді мекенге шығу жөніндегі өтініштерін өз-өзіне қызмет көрсету терминалдары арқылы бере алады. Бұл тетік мекеме қызметкерлері мен сотталғандар арасындағы тікелей байланысты азайтып, рәсімдерді ашық әрі жүйелі етуге бағытталған.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау саласында да елеулі өзгеріс байқалады. Бұрын бұл бағыт тек жәрдемақы төлеумен шектелсе, қазір азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты шаралар іске асып жатыр.

Сандар да бұл үрдісті растайды: 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде инватакси қызметіне 489,8 мың рет тапсырыс берілген, ал 2026 жылдың басынан бері Астана мен Алматы қалаларында басталған жаңа жобалар аясында 77,2 мың сапар ұйымдастырылған. Осындай жоғары сұранысты ескеріп, мемлекет ірі такси агрегаторларымен ынтымақтастыққа көшті «Yandex Go» мобильді қосымшасы арқылы инватаксиді онлайн шақыртуға мүмкіндік туды, енді жолаушылар көліктің қай жерде келе жатқанын нақты уақыт режимінде бақылап отыра алады.

Ал инфрақұрылым тұрғысынан алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 27 307 әлеуметтік нысан толықтай бейімдеуден өткен, бұл жалпы ғимараттардың 64%-ын құрайды. Бұл көрсеткіштің артында бақылау жүйесі де тұр: 2025 жылы 1 176 әлеуметтік нысанға жоспарлы тексеру жүргізіліп, 597 нысанға кемшіліктерді жою туралы ресми нұсқама берілген, ал 414 нысан иесіне жалпы сомасы 96 млн теңгеден асатын әкімшілік айыппұл салынған.

Ең соңында, бұрын «адам көзімен» бақыланатын сала экология да толықтай цифрлық форматқа көшуде. Экология және табиғи ресурстар министрлігі саланы цифрландырудың алғашқы нәтижелерін жариялады.

Елімізде «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» іске қосылып, бұл жүйе мемлекет, кәсіп және халық арасында ақпараттық байланыс орнатады. 89 ірі нысанның 87-сінде шығарындыларды бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылып, мәліметтер қашықтан беріліп отырады.

«Бурабай» ұлттық паркінде жылу камералары орнатылған соң, өрт аумағы 80 гектардан 1,5 гектарға дейін қысқарған. Ал Tabigat платформасы арқылы 2025 жылы 2 мыңнан астам заңсыз қоқыс үйіндісі мен 3,8 мыңнан астам заңсыз ағаш кесу дерегі анықталған. Алдағы уақытта жүйеге жасанды интеллект қосылып, экологиялық тәуекелдерді болжау мүмкіндігі кеңейтілмек.

Осы төрт мысалдың мәдениет, құқық қорғау, әлеуметтік қорғау және экология ортақ бір желісі бар: әрқайсысында цифрлық шешім нақты, өлшенетін нәтиже беріп отыр.

Мәдениетте ол стратегиялық құжат түрінде көрініс тапса, түрме жүйесінде адами байланысты азайтып, ашықтықты арттырады; әлеуметтік саладағы инватакси мен бейімделген нысандар статистикасы адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді; ал экологиядағы автоматтандырылған бақылау алдын алуды кешіктірмейтін нақты құрал.

Бұл Қазақстанда цифрландырудың енді жеке жобалар жиынтығы емес, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейіне бірдей енген тұтас философияға айналғанын көрсетеді.