Алматыда биыл 100-ден астам жеделсаты жаңасына ауыстырылады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Қазір қалада 14,5 мыңға жуық жеделсаты жұмыс істейді

Фото: © freepik.com

Алматыда биыл көпқабатты тұрғын үйлердегі 105 жеделсаты жаңасына ауыстырылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала әкімдігінің мәліметінше, ауыстырылатын жеделсатылардың 47-сі 25 жылдан бері пайдаланылып келеді, ал 58-і әбден тозып, күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жұмыс 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.

Қазір Алматыда 14,5 мыңға жуық жеделсаты жұмыс істейді. Оның 8,4 мыңнан астамы 2 671 көпқабатты тұрғын үйге орнатылған. Мамандардың айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қалада жыл сайын кемінде 150 жеделсатыны жаңарту қажет.