«Sax Invest» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары 7 жылға бас бостандығынан айырылды
Ақтауда «Sax Invest» қаржы пирамидасын құрып, миллиардтаған ақша тартқан ұйымдасқан қылмыстық топ сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық топ ұйымдастырушылары инвестициялық қор ретінде жасырынып, азаматтарға бағалы қағаздарға, қаржы құралдарына және басқа да активтерге инвестиция салуды ұсынған.
Сонымен қатар, Африка елдеріндегі алмаз өндіру жөніндегі халықаралық жобаға қатысып жатқанын мәлімдеген.
«2018-2022 жылдар аралығында қылмыстық схемаға Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларынан мыңнан астам салымшы тартылған. Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 9 млрд теңгеден асты. Тергеу барысында салынған қаражаттың едәуір бөлігі компанияның есепшоттарына емес, ұйымдастырушылардың жеке шоттарына аударылғаны анықталды. Кейіннен бұл қаражат жеке мақсаттарға, оның ішінде құмар ойындарға, пәтерлер сатып алуға, жеке тұрғын үй салуға және өзге де қажеттіліктерге жұмсалған», – делінген хабарламада.
Сот ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесін кінәлі деп танып, оларды 6 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырды.
Мемлекет кірісіне жеке тұрғын үй мен цифрлық активтер тәркіленді. Сонымен қатар, азаматтық талаптарды орындау мәселесі шешілгенге дейін сотталғандардың мүлкіне салынған тыйым сақталды. Оның ішінде екі автокөлік, екі пәтер және жер учаскесі бар. Үкім заңды күшіне енген жоқ.