Семейде ер адам ажырасқысы келіп жүрген әйелін бейсбол сойылымен ұрып өлтірген

Автор: Асыл Арман

Ол бейсбол сойылымен әйеліне шамамен 28 рет соққы жасаған

Фото: «Криминальный Казахстан»

Семейде ер адам ажырасқысы келіп жүрген әйелін бейсбол сойылымен ұрып өлтіргені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желідегі мәліметке сүйенсек, марқұмның туыстарының айтуынша, сәуір айында 52 жастағы әйел күйеуіне ажырасқысы келетінін айтқан. Осыдан бірнеше күн өткен соң ер адам әйелінің жеке заттары мен құжаттарын, сондай-ақ ортақ балаларының құжаттарын өртеп жіберген.

Кейін күдікті әйелін аңдып жүріп, оған бейсбол сойылымен шамамен 28 рет соққы жасаған. Ауыр жарақат алған әйел оқиға орнында көз жұмды.

Туыстарының сөзінше, ер адам ұзақ жылдар бойы ішімдікке салынып, әйеліне жиі қол көтерген. Әйелі ажырасу туралы шешім қабылдағаннан кейін де оны қудалауын тоқтатпаған.

Қылмыстан кейін күдікті бой тасалағанымен, көп ұзамай ұсталып, қамауға алынды.

«Адам өлтіру» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясындағы тергеу аяқталды. Істі сотта қарау 29 шілдеде басталады.