Қапшағайда ер адам суға батып бара жатқан адамды құтқарамын деп қаза тапты

Автор: Асыл Арман

Ол өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, көмекке мұқтаж адамды құтқаруға ұмтылған

Фото: Асхат Бердіханов

Қонаев қаласының тұрғыны Қапшағай су қоймасында өзге адамды құтқармақ болып, қаза тапты. Бұл туралы қала әкімі Асхат Бердіханов өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкімнің айтуынша, Андрей Козятинский қиын сәтте шетте қалмай, өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, көмекке мұқтаж адамды құтқаруға ұмтылған. Алайда оның өзін аман алып қалу мүмкін болмаған.

Асхат Бердіханов марқұмның ерлігін батылдық пен адамгершіліктің ерекше үлгісі деп бағалады.

«Бұл әрекет – ерлік пен жанқиярлықтың, адамгершіліктің айқын көрінісі. Қиын сәтте Андрей өз қауіпсіздігін ойламай, қиын жағдайға тап болған адамға көмекке ұмтылды. Мұндай қадамға жүрегі кең, мінезі мықты адам ғана бара алады», – деп жазды Қонаев қаласының әкімі.

Қала әкімі тұрғындар атынан марқұмның әкесі мен ағасына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Сондай-ақ ол бірнеше жыл бұрын Андрейдің анасы да өмірден өткенін еске салды. Оқиғаның нақты қашан және қандай жағдайда болғаны әзірге белгісіз.