СҚО-да ер адам бес жылдан бері туған баласымен араласпай, алимент төлемегені үшін сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Оның алимент бойынша қарызы 1,5 млн теңгеден асқан

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Петропавл тұрғыны алимент төлеуден бірнеше жыл бойы жалтарғаны үшін бас бостандығынан айырылды. Сот мәліметінше, оның кәмелетке толмаған баласының алдындағы берешегі 1,5 миллион теңгеден асып, ол жұмыс істеуге мүмкіндігі бола тұра өз міндетін орындамаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, ол сот бұйрығы негізінде кәмелетке толмаған ұлын асырауға алимент төлеуге міндетті болды. Алайда өзіне жүктелген міндеттерді орындаудан жалтаруға байланысты 1,5 млн теңгеден астам алимент бойынша берешек қалыптасқан. Сот нақты жұмысқа орналасу және табыс алу мүмкіндігіне қарамастан, сотталушы ресми жұмысқа орналасу шараларын қолданбағанын, Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінбегенін, алимент төлемегенін анықтады.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кінәсін мойындауын және өкінуін, оның ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді. Сот тұрғылықты жері бойынша сотталушының теріс сипаттамасын, алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжатты орындамағаны үшін оны бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартуды, тараптардың татуласуына байланысты ҚК-нің 139-бабы бойынша бұрын қылмыстық жауаптылықтан босату фактісін назарға алды.

«Түзетуге мүмкіндік берілгеніне қарамастан, сотталушы өзі үшін тиісті қорытынды жасамаған және баланы күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындаудан жалтаруды жалғастырған. Сонымен қатар, сот 2021 жылдан бастап ұлымен байланыс орнатпағанын, оның тәрбиесіне араласпағанын, баланың денсаулығы мен тағдырына қызығушылық танытпағанын анықтады. Сот сотталушыны сот шешімі бойынша кәмелетке толмаған баланы асырап-бағуға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін кінәлі деп тапты (ҚК-нің 139-бабы). Оған 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді», – делінген хабарламада.