Марқакөлде 30-дан аса адам заңсыз алтын өндіріп, су арнасын өзгертіп жіберген

Автор: Асыл Арман

ШҚО-да заңсыз алтын өндірген топ қолға түсті

Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылының маңында заңсыз алтын өндірген бір топ адамды қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіру және өңдеу салдарынан қоршаған ортаға елеулі зиян келді. Атап айтқанда, топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылып, су арнасы өзгерген.

Заңсыз жұмыс жалпы аумағы 30 гектар жер учаскесінде ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендерді пайдалану арқылы жүргізілген. Заңсыз қызметке 30-дан астам адам, оның ішінде Қытай Халық Республикасының азаматтары тартылған.

«Тінту барысында алты 40 тонналық жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, бір тиегіш, сондай-ақ құрамында алтыны бар кенді өндіруге және жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді. Тергеу жүріп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген хабарламада.