ІІМ азаматтарды SMS-кодты ешкімге айтпауға шақырды
Алаяқтар өзін коммуналдық қызметкер ретінде таныстырып, қазақстандықтарға жиі қоңырау шала бастады. Олар жылу есептегішті тіркеу, құжаттарды жаңарту, жеңілдік рәсімдеу немесе берешекті тексеру сылтауымен азаматтардың банк шоттары мен жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, әңгіме барысында алаяқтар телефонға келген SMS-кодты айтуды сұрайды. Дәл осы код арқылы олар банк қосымшаларына, мемлекеттік сервистердегі аккаунттарға және басқа да жеке мәліметтерге қол жеткізуі мүмкін.
«SMS-кодтың көмегімен алаяқтар банк қосымшасына кіруге, мемлекеттік сервистердегі аккаунттарға қол жеткізуге және сіздің атыңыздан заңсыз әрекеттер жасауға тырысуы мүмкін», – деп ескертті ІІМ.
Полиция өкілдері коммуналдық қызметтердің нағыз қызметкерлері ешқашан телефон арқылы SMS-кодты, банк картасының деректемелерін немесе басқа да құпия ақпаратты сұрамайтынын еске салды.
«Егер сізге осындай қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатқан жөн. Күмән туындаса, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз қайта хабарласыңыз. Сондай-ақ бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерге өтпеңіз және олардың айтуымен ешқандай қосымша орнатпаңыз», – деді полицияда.
Құқық қорғау органдары бұл алаяқтық тәсілі туралы туыстарды, әсіресе телефон алаяқтарының құрбанына жиі айналатын егде жастағы адамдарды алдын ала ескертуге кеңес берді.
Полицияның айтуынша, бір ғана SMS-кодты айту арқылы алаяқтар сіздің банк шоттарыңызға қол жеткізіп, ақшаңызды ұрлап кетуі мүмкін.
Жыл басынан бері полицейлер алаяқтардың құрбаны болған қазақстандықтарға 4,8 млрд теңгені қайтаруға көмектескен.