Алматыда жыл соңына дейін 100-ден астам лифт ауыстырылады

Автор: Алмас Ерсін

Жаңарту жұмыстары пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан және күрделі жөндеуді қажет ететін лифттерді қамтиды

Фото: © istockphoto.com

Алматыда 2026 жылдың соңына дейін көпқабатты тұрғын үйлердегі 105 лифт ауыстырылады. Қала әкімдігінің мәліметінше, пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан және күрделі жөндеуді қажет ететін лифттер жаңартылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметіне сәйкес, ауыстырылатын 105 лифттің 47-сі 25 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді, ал тағы 58-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Жұмыстар 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жүргізіледі.

Қазіргі таңда Алматыда шамамен 14,5 мың лифт бар. Оның 8,4 мыңнан астамы 2 671 көпқабатты тұрғын үйде пайдаланылып жатыр.

Басқарма мәліметінше, жабдықтардың жыл сайынғы тозуын ескере отырып, олардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қалада жыл сайын кемінде 150 лифт жаңартылып отыруы қажет.

Тегтер: