«Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Жаңаөзен қаласында мұнай-газ саласының қызметкерлерімен және жұмысшы жастармен кездесті. Партия өкілдері өнеркәсіпті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кадр даярлау және әлеуметтік қолдау бағытындағы бастамаларын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өзенмұнайгаз» АҚ №2 мұнай-газ өндіру басқармасының өндірістік базасында өткен жиынға мұнайшылар, кәсіподақ өкілдері және өндіріс ардагерлері қатысты.
Партия төрағасы Айбек Дәдебай мұнай-газ саласын тек шикізат өндірумен шектемей, оны терең өңдеу, жоғары қосылған құны бар өнім шығару және заманауи технологияларды енгізе отырып дамыту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ өндірісті жаңғырту барысында жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылу керегі айтылды.
«Қауіпсіз еңбек жағдайы, тұрақты жұмыспен қамту, лайықты жалақы және сенімді әлеуметтік кепілдіктер – партиямыздың басты қағидаттары. Адам еңбегі лайықты бағаланбайынша, мемлекет толыққанды дами алмайды», – деді Айбек Дәдебай.
Кездесу барысында Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрбек Матжани шикізаттық емес экспортты қолдау және қазақстандық өнімді халықаралық нарықтарға шығару жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Шынасыл Ерназар өңдеуші өндірістерді дамыту, отандық кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы бастамаларға тоқталды.
Сапар аясында штаб мүшелері Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған «Bolashaq Sarayi» Оқушылар сарайында жұмыс істейтін жастармен де кездесті. Жиында жастардың кәсіби дамуы, білім алу мүмкіндіктері, тұрғын үй, жұмыспен қамту және цифрлық дағдыларды дамыту мәселелері талқыланды.
Партия өкілдері жастарды жаңа цифрлық экономика жағдайында еңбек етуге бейімдеуге басымдық беретінін айтты. Осы ретте жасанды интеллект негіздерін білім беру жүйесіне енгізу және AI-Sana бағдарламасы арқылы жастардың заманауи технологияларды меңгеруіне мүмкіндік жасау маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Құрылтай депутаттығына кандидат Аят Сүгірбай әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды таныстырды.
«Әлеуметтік қолдаудың мақсаты – адамды тәуелді ету емес, оның өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау. Ол үшін партия әр отбасының әл-ауқатын әділ бағалау жүйесін енгізуді, әлеуметтік қорғаудың бірыңғай цифрлық платформасын құруды және әлеуметтік төлемдерді тағайындауды проактивті форматқа көшіруді ұсынады», – деді ол.
Жастар ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева Қазақстанда алты миллионнан астам жас тұратынын, олардың 83 пайызы елдің болашағына сеніммен қарайтынын айтты. Әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, жастар үшін отбасы ұғымы қастерлі құндылықтар қатарынан табылады. Ал Маңғыстау өңірінің жастары дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жоғары бағалайды.
«Әділет» партиясы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және білікті кадр даярлауға ерекше мән береді. Сайлауалды бағдарламада тәжірибеге негізделген оқытуды кеңейту, дуальды білім беруді дамыту және колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланысты күшейту қарастырылған.
Құрылтай депутаттығына кандидат Лаура Қарабасова 2031 жылға қарай колледждердің кемінде 45 пайызын дуальды оқыту моделіне көшіру жоспары туралы айтты.
«Біз кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастық орнатып, студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, кейін жұмысқа орналаса алатын базалық кәсіпорындарды айқындауды ұсынамыз. Сонымен қатар жұмыс берушілермен бірлесіп еңбек адамына құрмет пен адал еңбекті лайықты бағалау мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор», - деді Лаура Қарабасова.
Кездесу барысында Жаңаөзен жастары қала инфрақұрылымын дамыту, моноқалаларды қолдау, жаңа қоғамдық кеңістіктер құру, цифрлық жобаларды іске асыру және жастар бастамаларын қолдау бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жұмыс сапарын қорытындылаған Айбек Дәдебай тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар жүйеленіп, Республикалық сайлауалды штабтың жұмысына енгізілетінін жеткізді. Маңызды бастамалар партияның алдағы заңнамалық ұсыныстарын әзірлеу кезінде ескерілетін болады.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.