«Ақ жол» Көкшетауда отандық өндіріс пен халықтың несие жүктемесін талқылады

Автор: Azattyq Rýhy

Дания Еспаева бастаған партияның үгіт-насихат тобы «NOVОPАСK» зауытының ұжымымен кездесіп, бизнес пен қарапайым азаматтарды толғандыратын мәселелерді талқылады.

Фото: «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева Көкшетаудағы «NOVОPАСK» зауытына барып, кәсіпорын басшылығы және еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева мен партияның үгіт-насихат тобы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Көкшетаудағы «NOVОPАСK» зауытына барды.

Кәсіпорын өндірістік және тұтыну мақсатындағы тауарларға арналған заманауи қаптама өнімдерінің кең түрін шығарады. Зауыт Орталық Азия және ТМД елдерінің ішкі әрі сыртқы нарықтарында жұмыс істейтін осы саладағы ірі кәсіпорындардың бірі саналады.

Кездесу барысында кәсіпорын басшылығы өндірістегі негізгі мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, отандық өндірушілерді қолдау, қайта өңдеу кәсіпорындарын химия өнеркәсібінің материалдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ нарықты қорғаудың тарифтік емес тетіктерін жетілдіру мәселелері көтерілді.

Дания Еспаева еңбек ұжымымен ашық форматта пікір алмасты. Қызметкерлердің басым бөлігін әйелдер құрайды.

Жұмысшылардың өтініші бойынша партия төрағасы халықтың несие және қарыз жүктемесін азайту, азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, сондай-ақ коллекторлардың заңсыз әрекеттерінен қорғау мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.

Кездесу барысында өндіріс саласының өзекті мәселелерімен қатар, қарапайым азаматтар мен шағын және орта бизнес өкілдерін алаңдататын мәселелер де талқыланды.

Кездесу соңында зауыт қызметкерлері Дания Еспаева мен «Ақ жол» демократиялық партиясына азаматтар мен шағын және орта бизнес өкілдерінің мүддесін қорғау бағытындағы еңбегі үшін алғыс білдірді.