Атбасарда ерекше балаларға арналған бір ғана орталық бар: ата-аналар Халық партиясы өкілдеріне шағымданды

Автор: Azattyq Rýhy

Халқы 30 мыңнан асатын қалада аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған даму орталықтары мен мамандар жетіспейді

Видео скриншоты

Атбасарға барған Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов ерекше балалардың ата-аналарымен кездесіп, қаладағы оңалту орталықтары мен білікті мамандар тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атбасарда ерекше балалардың ата-аналары бірқатар мәселеге алаңдаулы. Халқы 30 мыңнан асатын қалада аутизм спектрі бұзылған балалар көп болғанымен, оларға бар болғаны бір ғана даму орталығы қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар қалада тиісті мамандардың тапшылығы да сезіледі. Ата-аналардың айтуынша, балаларға қажетті түзету және дамыту қызметтеріне қол жеткізу мәселесі әлі де өзекті.

Партияның сайлауалды бағдарламасында инклюзия мәселесіне ерекше мән берілген. Партия өкілдерінің пікірінше, мүгедектігі бар адамдар қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сапалы білім алып, қоғамдық өмірге тең дәрежеде араласуы қажет.

Алайда шағын қалалар мен ауылдарда оңалту орталықтары мен қажетті инфрақұрылымның жетіспеушілігі бұл мүмкіндіктерді шектеп отыр. Сондықтан дамыту орталықтары мен инклюзия кабинеттерін ашу, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға тьюторлар бекіту маңызды.

Атбасардағы кездесуде ерекше балалардың ата-аналары өздерін алаңдатқан мәселелерді жеткізді. Партия өкілі олардың ұсыныстары мен шағымдарын назарға алып, бұл мәселелерді партиядағы жақтастарымен бірге шешуге күш салатынын айтты.