Қазір арнайы комиссия құрылып, ауруханаға қатысты тексеру басталды
Астанада бір жасар сәбиден туберкулез анықталғаны туралы алғаш рет Threads әлеуметтік желісінде жарияланған жазбадан белгілі болды. Бүлдіршіннің туысының айтуынша, бір жасар жиенінен туберкулез анықталған. Оның сөзінше, диагноз компьютерлік томография нәтижесімен расталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желі қолданушысының мәлімдеуінше, медициналық мекемеде туберкулездің ашық түрімен ауыратын медбике жұмыс істеген. Баланың туыстары Денсаулық сақтау министрлігінен тексеру жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды сұрады.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл дерек бойынша арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
«Осы жағдайға байланысты баланың туберкулезге шалдығу фактісі бойынша тергеу жүргізу үшін комиссия құрылды. Оның құрамына басқарманың штаттан тыс бас мамандары – педиатр, фтизиатр, пульмонолог, сәулелік және функционалдық диагностика маманы енгізілді. Сонымен қатар комиссия жұмысына ҚР ДСМ «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК және ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің мамандары тартылады. Тиісті жұмыс басталды», – деп мәлімдеді басқармада.
Қазіргі уақытта баланың туберкулезді медициналық мекемеде жұқтырған-жұқтырмағаны белгісіз. Бұл мәселе жүргізіліп жатқан тергеу аясында анықталады.