Мақсат – ауруханаішілік инфекциялардың алдын алып, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін күшейту
Қазақстанда 15 тамызға дейін босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымда кешенді тексеру жүргізіледі. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру барысында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті перзентханалар мен перинаталдық орталықтарда инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын бағалайды. Негізгі мақсат – ауруханаішілік инфекциялардың алдын алып, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін күшейту.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл тексерулердің мақсаты медициналық ұйымдарды жазалау немесе айыппұл салу емес. Керісінше, инфекцияның таралуына әсер ететін тәуекелдерді дер кезінде анықтап, оларды жою және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру көзделген.
«Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Инфекцияның әрбір жағдайы жан-жақты талданып, емделушілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы тиіс», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Тексеріс қорытындысы бойынша инфекция жағдайларын тергеп-тексеру тәсілдері қайта қаралады. Сонымен қатар санитариялық қағидалар мен мемлекеттік бақылаудың тексеру парақтары жаңартылып, әрбір инфекция жағдайына объективті баға беру тетіктері күшейтіледі.
Бұдан бөлек, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына перзентханаларды дезинфекциялау және зарарсыздандыруға қажетті құралдармен, жеке қорғаныш құралдарымен және бір реттік медициналық бұйымдармен толық қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ медицина қызметкерлері инфекциялық бақылау талаптары бойынша жүйелі оқытудан өтеді.