Әлеуметтік желідегі сыни пікірлер толқынынан кейін бренд пен оның иесі ресми мәлімдеме жасады
Еркектерге арналған киім өндіретін қазақстандық Shoqan (shoqansuits) бренді «Борат» фильмі кейіпкерінің бейнесін пайдаланып жарнамалық роликке байланысты әлеуметтік желіде туындаған сыннан кейін ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желі қолданушыларының пікірінше, қазақ халқының ар-намысына тиетін әрі мазақ ететін Бораттың бейнесін жарнамалық мақсатта пайдалануға жол берілмейді. Бейнеролик кейін өшірілгеніне қарамастан, жағдайды талқылау одан әрі жалғасты. Комментаторлар контентті жою компанияны оны жариялағаны үшін жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.
Сынның астында қалған Shoqan бренді мен оның иесі Ұлықбек Шарипов ресми мәлімдеме жариялады.
Компания өкілдері даулы роликтің осыдан бірнеше ай бұрын жарияланғанын және қазіргі уақытта толығымен өшірілгенін хабарлады. Бренд өкілдері хайп арқылы назар аударуды немесе Қазақстанға, қазақ халқына, ұлттық мәдениетке және мемлекеттік тілге құрметсіздік танытуды мақсат етпегендерін баса айтты.
«Кез келген адам да, компания да қателесуі мүмкін. Ең бастысы қателікті мойындау, қорытынды шығару және оны болашақта қайталамау», - делінген мәлімдемеде.
Компания сондай-ақ аудиторияның пікіріне құлақ асатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, Shoqan өзінің әлеуметтік қызметін де еске салды. Бренд қазақ және ағылшын тілдерінде білім беретін мектеп ашқан, онда әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың 40%-ы грант бойынша білім алып жатыр. Сонымен қатар, компания орысша сөйлейтін аудиторияға арналған контенттің болуына қарамастан, қазақ тіліндегі жарияланымдардың үлесін арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.