Қатысушылар скандинавиялық таяқтармен белгіленген қашықтықты бағындырып, ұрпақтар сабақтастығы мен ынтымағын паш етті
Елордадағы Триатлон саябағында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) ұйымдастыруымен «Бостандық марафоны» атты ауқымды спорттық мереке өтті. Осы бір ірі шараға ЖСДП-дан ҚР Құрылтайының депутаттығына кандидаттар Мақсұт Насибулов, Ажар Сағандықова, Нұрлан Әуесбаев, Нұрлан Жабаев, Наурыз Сайлаубай сондай-ақ партия белсенділері, жастар қанаты, еріктілер мен қаланың белсенді зейнеткерлері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қатысушылар скандинавиялық таяқтармен белгіленген қашықтықты бағындырып, ұрпақтар сабақтастығы мен ынтымағын паш етті. Марафонның басты тақырыбы ЖСДП-ның ұсынысы бойынша зейнет жасын кезең-кезеңімен төмендету туралы талабы болды. Бұл партияның «Прогресс жолындағы 20 белес!» сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі.
Партия әйелдердің зейнетке шығу жасын 58, ал ерлердің зейнетке шығу жасын 60 жас деп белгілеуді нақты көрсетеді. Марафонға қатысушылар осы жас мөлшерлері таңбаланған арнайы киім үлгілерін киіп, марафон мәресін кесіп өтті.
ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасында атап көрсетілгендей, партия ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасын төмендетуді ұсынатын зейнетақы жүйесін түбегейлі реформалауды қолдайды. Сонымен қатар, бағдарламада зейнетақы төлемдерінің көлемін «Қазақстандық өмір сүру сапасының стандартына» байланыстыру және мемлекеттің тікелей міндеттемесі ретінде әрбір зейнеткер үшін лайықты өмірдің базалық деңгейін қамтамасыз ету көзделген.
Старт алаңында сөз сөйлеген Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Әуесбаев үлкенге құрмет көрсету – қоғамның басты құндылығы, ал зейнеткерлерге деген қамқорлық кемелділіктің көрсеткіші екенін атап өтті.
Партия, сондай-ақ қарттыққа салынатын барлық жасырын салықтардың күшін жоюға және зейнеткерлік жаста тұрақтылық пен лайықты өмір сүруді кепілдендіру үшін зейнетақыны ерекше қарқынмен индекстеу керектігіне қол жеткізуді көздейді.