Алакөлде биылғы маусымда қандай өзгерістер болды

Қазіргі таңда жағалауда бір мезетте 21 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 224 орналастыру орны жұмыс істейді

Алакөлде биылғы маусымда қандай өзгерістер болды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Жетісу облысына жұмыс сапары аясында Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевпен бірге Алакөл көлінің жағалауына барды. Сапар барысында облыстық туризм басқармасы туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды таныстырып, демалыс аймағын абаттандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар жөнінде баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Алакөл жағалауы – еліміздегі ең танымал туристік бағыттардың бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл аймаққа келген ішкі туристер саны 382 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11 % өсті. Ал шетелдік туристер саны 60 % артып, 8,2 мың адамды құрады. Қазіргі таңда жағалауда бір мезетте 21 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 224 орналастыру орны жұмыс істейді.

Тексеру барысында электрмен жабдықтау нысандарының құрылысы аяқталғаны, Ақши ауылында кәріз желілерінің салынып жатқаны,  тазарту құрылыстарының, коммуналдық жағажайлардың және Лепсі теміржол станциясындағы жаңа вокзалдың құрылысы жалғасып жатқаны атап өтілді.

Сондай-ақ көл жағалауындағы қауіпсіздік пен санитарлық жағдайға ерекше назар аударылған. Демалыс аймағында қоқыс жинауға арналған контейнерлер, санитарлық тораптар мен киім ауыстыру кабиналары орнатылған. Демалушылардың қауіпсіздігі үшін 40 құтқару мұнарасы, жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын қалқыма белгілер желісі және 7 пирс қызмет көрсетеді. Қоғамдық тәртіпті күн сайын полиция қызметкерлері қамтамасыз етеді, ал суда құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Маусым басталғалы бері 150-ден астам профилактикалық рейд өткізілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік еліміздің туристік бағыттарына шетелдік және ішкі туристерді тарту жұмыстарын жалғастырады. Биыл Туризмді дамытудың тұжырымдамасы жаңартылып, жыл басынан бері өңірлерде туризмді дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымды дамытуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және аумақтың санитарлық тазалығын сақтауға жауапты», – деді Мирас Төлебаев.

Еске сала кетейік, Үкімет жағалау сызығын сақтап қалу үшін қорғаныс бөгетін салу туралы шешім қабылдаған болатын.