«Қайрат» және «Ордабасы» ойыны: полиция жанкүйерлерге үндеу жасады

Автор: Дәулет Ботагөз

Матч 26 шілде күні сағат 19:00-де Алматының Орталық стадионында өтеді

Фото: © istockphoto.com

Алматыда өтетін «Қайрат» пен «Ордабасы» арасындағы футбол матчы қарсаңында Полиция департаменті жанкүйерлерді қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауқымды спорттық іс-шара кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қабылданады. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полицияның күшейтілген нарядтары мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылады. Сонымен қатар, стадион аумағы мен оның маңында заманауи бейнебақылау жүйелері жұмыс істейді. Сондай-ақ қоғамдық тәртіптің бұзылуы мен түрлі арандатушылық әрекеттердің алдын алуға ерекше назар аударылады.

Полиция кез келген заңсыз әрекеттер, соның ішінде агрессивті мінез-құлық, сөйлеу мәдениетін бұзу немесе жанжал шығару әрекеттері заң аясында қатаң бағаланатынын ескертті.

Алматы қалалық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев спорттық мәдениетті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

«Қолдау көрсету үшін Алматыға келген барлық жанкүйерді қуана қарсы аламыз. Біздің ортақ міндетіміз – бұл матчтың әдемі ойынмен, жарқын эмоциялармен және бір-біріне деген құрметпен есте қалуын қамтамасыз ету. Баршаңызды қоғамдық тәртіпті сақтауға, арандатуға ермеуге және нағыз жанкүйерді мінез-құлық мәдениеті, қарсыласқа деген құрметі мен өз командасына шынайы қолдау көрсетуі ерекшелендіретінін есте ұстауға шақырамыз. Өз тарапымыздан полиция матчқа қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деп атап өтті Тимур Ноғайбаев.

Матч 26 шілде күні сағат 19:00-де Алматының Орталық стадионында өтеді.