Түнгі уақытта отшашу атқандарға – айыппұл мен қамау жазасы қолданылды
Сәбидің дүниеге келуі мен келін түсіру қуанышын отшашумен атап өткен астаналықтар жауапқа тартылды. Полиция түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды заңсыз қолданғандар айыппұл төлеп қана қоймай, әкімшілік қамауға да алынуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция лепартаментінің мәліметінше, 22 шілдеге қараған түні сағат 00:00 шамасында елордадағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында бір топ азамат отшашу атып, қатты шулаған. Осылайша олар тұрғындардың түнгі тыныштығын бұзған.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар алтыға жуық адамды анықтады. Оларға қатысты түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік материалдар рәсімделді.
Сонымен қатар, пиротехникалық бұйымдарды тікелей іске қосқан 30 жастағы әйел екені анықталды. Қоғамдық тәртіпті бұзып, түнгі уақытта отшашу ату арқылы азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін оған ұсақ бұзақылық жасағаны бойынша әкімшілік жауаптылық жүктеліп, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Тағы бір жағдай 23 шілде күні «Бәйтерек» монументі алаңында тіркелді. Полиция қызметкерлері пиротехникалық бұйымдарды пайдалану фактісін анықтады. Тексеру барысында 37 жастағы ер адам анықталып, ол көптен күткен сәбиінің дүниеге келуіне байланысты досын құттықтау үшін отшашу атқанын түсіндірді. Оның айтуынша, пиротехникалық бұйымдарды алдын ала интернет-дүкен арқылы сатып алған.
«Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Тағы бір оқиға 24 шілде күні Қошқарбаев даңғылында тіркелді. Полиция қызметкерлері досын келін түсіру рәсімімен құттықтау мақсатында отшашу ұйымдастырған 24 жастағы ер адамды анықтады. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін оған қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», – делінген қалалық ПД хабарламасында.