«Жағалау күзеті қайда?»: Алакөлде гидроцикл мінген ер адам демалып жүргендерге қауіп төндірді (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды

Фото: Видеодан скрин

Алакөлде гидроцикл мінген ер адам демалып жүргендердің жанына бірнеше мәрте жақын жүзіп, өміріне қауіп төндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.

«Жетісу облысының полициясы қатаң шаралар қабылдауы керек. Көктума мен Ақшида жағдай осындай. Маңайында жүрген біреу өліп кетуі немесе аяғынан айырылуы мүмкін», – деп жазды видео авторы.

Ал желі қолданушылары гидроцикл иелерінің бассыздығын жарыса жазды.

«Көлдің суынан бензиннің иісі шығады», «Көктума әкімдігі, үлкен өтініш, суға түсіп жүргендердің жанынан гидроциклдерді алып тастаңызшы», «Олар өздерін шумахерміз деп есептейді», «Жағалау күзеті қайда? Гидроцикл беретіндерге үлкен айыппұл салу керек», – деп жазды желі қолданушылары.

Жағымсыз оқиға Жетісу облысы Полиция департаментінің назарынан тыс қалған жоқ. Ведомство мәліметінше, полиция қызметкерлері құқық бұзушының, сондай-ақ гидроциклді жалға берген тұлғаның жеке басын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.

«Жетісу облысының Полиция департаменті су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік талаптары мен қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға шақырады. Гидроциклдер мен өзге де моторлы су көліктерін азаматтар жаппай демалатын орындардан қауіпсіз қашықтықта ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Белгіленген талаптарды бұзу адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Өз қауіпсіздігіңізді де, айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін де сақтаңыз», – дейді облыстық ПД.