Олар тек әлеуметтік төлем төлейді
Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға жеке табыс салығын енгізу мәселесі қазіргі уақытта қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі БАҚ-та тараған ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме бере отырып мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында салық заңнамасын жетілдіруге арналған талқылау өтті. Кеңес барысында қатысушылар өзін-өзі жұмыспен қамту институтын дамытудың түрлі тәсілдері мен ықтимал нұсқаларын сөз еткен.
Министрліктің нақтылауынша, бұл пікірлер тек сараптамалық деңгейдегі талқылау ғана. Осыған байланысты бүгінгі таңда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін ЖТС енгізу бойынша ешқандай шешім қабылданған жоқ және бұл тақырып таяу арадағы күн тәртібінде де жоқ.
Жаңа Салық кодексінің аясында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін тек 4% мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдер төлеу көзделген.
Бұл шарт мынадай талаптар сақталғанда қолданылады:
Еске салсақ, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтық мәртебесіне қатысты мәселе 21 шілде күні премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жобалық кеңседе талқыланған болатын. Жиын қорытындысы бойынша Әлеуметтік және Кәсіпкерлік кодекстерге сәйкес өзгерістерді ағымдағы түзетулер пакетіне қоспау туралы шешім қабылданды.
Ведомствоның хабарлауынша, бұл мәселеге келесі жылы – жаңа режимді қолдану тәжірибесі жеткілікті жинақталып, оның алғашқы нәтижелері жан-жақты талданғаннан кейін қайта оралу жоспарланып отыр.