Астанада ер адам жалға алған кафені өз меншігіндей сатып жіберген

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол жәбірленушіге 21 млн теңгеге сатқан

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Астана қаласының криминалдық полиция қызметкерлері ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен 41 жастағы елорда тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті кәсіпкерлік нысанды белгілі бір мерзімге жалға алып, оны өзіне тиесілі мүлік ретінде таныстырған. Сатып алушымен келіссөз жүргізіп, өзін кафенің заңды иесі ретінде көрсеткен ол жалған мәліметтер арқылы жәбірленушінің сеніміне кірген.

Кейін жалған сатып алу-сату мәмілесін жасап, жәбірленушіден 21 миллион теңге көлемінде ақша алған. Алайда қаражатты иемденгеннен кейін күдікті өз міндеттемелерін орындамай, оқиға орнынан бой тасалаған.

Алданғанын түсінген жәбірленуші полицияға жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды.

«Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктінің мұндай әрекетті алдын ала жоспарлап, бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатында әдейі ұйымдастырғаны анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады полиция қызметкері.