ШҚО-да 600-ден астам мұғалімнің жеке деректері ашық тарап кеткен

Автор: Асқарова Қарлығаш

Бұл заң бұзушылықты прокуратура анықтады

Фотоколлаж Azattyq Rýhy ЖИ

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында 600-ден астам мұғалімнің жеке мәліметтері интернетте ашық жарияланғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Ұлан ауданы прокуратурасы жеке деректерді қорғау туралы заңнаманың сақталуын тексеру барысында білім беру ұйымдарында өрескел заң бұзушылықтарды анықтаған.

Белгілі болғандай, мектептер мен балабақшалар міндетті медициналық тексеру қызметін сатып алуға арналған мемлекеттік сатып алу құжаттарын жариялау кезінде қызметкерлердің толық тізімін порталға жүктеген. Соның салдарынан 611 қызметкердің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), атқаратын қызметі, тұрғылықты мекенжайы мен жеке байланыс нөмірлері кез келген адамның қолы жететін ашық кеңістікте жарияланған.

Прокуратура мұндай әрекет азаматтардың жеке өміріне қол сұғуға, алаяқтардың деректерді заңсыз пайдалануына және құпия ақпараттың таралуына қауіп төндіретінін атап өтті.

«Прокуратураның қадағалау актісінен кейін заң бұзушылық толық жойылды. Мемлекеттік сатып алу порталында заңсыз жарияланған 611 қызметкердің жеке деректері өшіріліп, жауапты лауазымды тұлғалар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады ШҚО прокуратурасы.