Тоқаев Мирзиёевті туған күнімен құттықтады

Автор: Асыл Арман

Президенттер қазақ-өзбек ынтымақтастығын талқылады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті туған күнімен құттықтап, бауырлас өзбек халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.

Сонымен қатар Шавкат Мирзиёевтің парасатты басшылығының арқасында Өзбекстан әлеуметтік-экономикалық даму мен халықаралық беделін арттыруда мол табысқа қол жеткізіп, кешенді реформалар арқылы сенімді түрде ілгерілеп келе жатқанына назар аударды.

«Мемлекет басшысы Өзбекстан көшбасшысының екі ел арасындағы достық және тату көршілік рухындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесіне жоғары бағалайтынын атап өтті. Тараптар бүгінде қазақ-өзбек ынтымақтастығы қарқынды екенін атап өтіп, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланысты тереңдету перспективасын талқылады», – делінген Ақорданың хабарламасында.

Президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібінде өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, алдағы кездесулер кестесін қарастырды.