Алматыда жемқорлардан қайтарылған активтердің есебінен сумен жабдықтау желілері салынып жатыр

Автор: Асыл Арман

Бұл халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту жолындағы маңызды қадам болмақ

Фото: istockphoto.com

Алматы қаласының Медеу ауданында жемқорлардан қайтарылған активтер есебінен Татарка және Малая Станица шағын аудандарында жалпы ұзындығы 28 шақырымды құрайтын сумен жабдықтау және су бұру желілері салынып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осының нәтижесінде Медеу ауданының 7 300-ден астам тұрғынын орталықтандырылған сумен жабдықтауға және су бұру жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл коммуналдық инфрақұрылымның сапасын арттыру және халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту жолындағы маңызды қадам болмақ.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін инженерлік желілер «Алматы Су» ШЖҚ МКК-нің теңгеріміне беріліп, кәсіпорын олардың одан әрі пайдаланылуын және техникалық қызмет көрсетілуін қамтамасыз етеді.

«Сонымен қатар, бұрын инженерлік коммуникациялар тартылған барлық учаскелерде асфальтбетон жабынын толық қалпына келтіре отырып, 42 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаның іске асырылуы мемлекетке қайтарылған заңсыз иемденілген активтердің әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге, қалалық инфрақұрылымды дамытуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталып отырғанын айқын көрсетеді», – делінген прокуратураның хабарламасында.