Оралда ағаш өңдеу зауытындағы өрт жарылысқа ұласа жаздады
ТЖМ қызметкерлері жарылыс қаупінің алдын алды
Оралдағы ағаш өңдеу цехында шыққан өрт кезінде жарылыс қаупі туды. Алайда құтқарушылар жалын шарпыған ғимараттан төрт баллонды дер кезінде шығарып, өрттің кең аумаққа таралуына жол берген жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ мәліметінше, Орал қаласындағы Желаево өнеркәсіптік аймағында ағаш өңдеу цехының бір қабатты ғимаратының шатыры өртенді. Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары дереу жіберілді.
Өртті сөндіру барысында құтқарушылар ғимараттан үш оттегі және бір газ баллонын алып шықты. Бұл ықтимал жарылыстың және жағдайдың одан әрі күрделенуінің алдын алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар қауіпті аймақтан жеңіл автокөлік эвакуацияланды.
«Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында өрттің одан әрі таралуына жол берілмеді. Өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. ТЖМ ескертеді: өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз және төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласыңыз», – делінген хабарламада.