Алматыдағы көшкін қаупі: 9 қауіпті учаске қауіпсіздендірілді
Қазір қалада көшкін жүруі мүмкін тағы жеті қауіпті аумақ анықталған
Алматыда көшкін жүру қаупі жоғары деп есептелген тоғыз учаске толықтай қауіпсіздендірілді. Қала әкімдігінің мәліметінше, арнайы инженерлік жұмыс Медеу, Жетісу және Наурызбай аудандарында жүргізілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қауіпті деп танылған тау беткейлері мен жол маңындағы еңістер бекітілді. Атап айтқанда, «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына баратын жолдың бойы, «Кеңсай-2» және «Кемел» зираттарының маңы, сондай-ақ «Сарысай» бөгетіне апаратын жол мен бірнеше көше және бау-бақша серіктестігіне кіреберіс қауіпсіз күйге келтірілді.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, мамандардың жұмысы мұнымен тоқтамайды. Қазір қалада көшкін жүруі мүмкін тағы жеті қауіпті аумақ анықталған. Енді сол жерлерге қандай қорғаныс құрылыстары қажет екені жоспарланып, кейін бекіту жұмысы басталады.
Бұдан бөлек, таулы аймақтарда ескерту белгілері орнатылып, ауа райы күрт нашарласа тұрғындар мен туристерге SMS-хабарламалар жіберіледі. Ал қауіп күшейген кезде «Шымбұлақ» пен Үлкен Алматы көліне апаратын кейбір бағыттар уақытша жабылуы мүмкін.
Қала әкімдігі бұл жұмыстардың мақсаты – көшкіннің алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және маңызды жолдар мен нысандарды табиғи апаттан қорғау екенін айтты.