Астана көшелерін жаңбыр суы басып қалды: әкімдік ресми мәлімдеме жасады

Автор: Асыл Арман

Кәріз жүйесі жиналған суды орта есеппен 40 минуттан 1 сағатқа дейінгі аралықта толық қабылдайды

Фото: threads.com/видеодан скрин

Астанада толассыз жауған жаңбыр суы қала көшелерін басып қалды. Осыған байланысты қала әкімдігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, нөсер жауынға байланысты елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Қаланың нөсер кәріз жүйесі мен тазарту құрылыстары жауын-шашынның көп мөлшерін қабылдап, қалыпты жұмыс істеп тұр.

«Жекелеген учаскелерде уақытша су жиналу жағдайлары тіркеліп отыр. Жауын-шашын бір мезетте көп мөлшерде жауған кезде нөсер кәріз жүйесі жиналған суды орта есеппен 40 минуттан 1 сағатқа дейінгі аралықта толық қабылдайды», – делінген хабарламада..

Сонымен қатар коммуналдық қызметтер тұрақты түрде кәріз коллекторлары мен жаңбыр суын қабылдау құдықтарын тазалау, құбырларды бумен шаю, нөсер кәріз жүйелері мен тазарту құрылыстарын салу және басқа да жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келеді.

Айта кетейік, осыған дейін Астанада тоқтаусыз жауған қатты жаңбыр қала көшелерін су астында қалдырғаны хабарланған.