Сот оған бас бостандығын шектеу жазасын қолданды
Ақтөбеде мас күйінде шолақ мылтық асынып, көшеде жүрген ер адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Оқиға Ақтөбе қаласындағы Ташкент көшесінде болған. Мас күйіндегі ер адам 16 калибрлі шолақ аңшы мылтығын алып, дүкенге қарай жаяу бара жатқан. Қауіпті азаматты байқап қалған куәгерлер бірден полицияға хабар берген.
Оқиға орнына жеткен полицейлер ер адамды күш қолданып тоқтатып, қолындағы қаруды тартып алған. Кейін оның ішімдік ішіп қана қоймай, есірткі қолданғаны да анықталған.
33 жастағы ақтөбелік заңсыз қару сақтады және алып жүрді деген айыппен сот алдына шықты. Оның айтуынша, шолақ мылтықты белгісіз адамдардан алып, үйінің маңына жасырып қойған. Ал оқиға болған күні танысымен телефон арқылы жанжалдасып, дүкенге шыққан. Неліктен өзімен бірге қаруды алып шыққанын түсіндіре алмады.
Сотта ол жасаған ісіне өкініп, мұндай әрекетті қайталамайтынын айтып, өзіне жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Сот айыпталушының кінәсін мойындағанын және кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, оған 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол осы мерзім ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылатын болады.
Сот үкіміне сәйкес, жұмыстан кейін үйінде болуы міндеттелді. Егер бұл талапты бұзса, бас бостандығын шектеу жазасы нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.