Шымкентте сайлау учаскелерінің қауіпсіздігі бойынша арнайы жиын өтті

Автор: Асыл Арман

Шымкентте террористік тұрғыдан осал нысандардың қауіпсіздігі қайта қаралды

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкент қаласында Терроризмге қарсы комиссия жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасы ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаменті, Полиция, Төтенше жағдайлар, Мемлекеттік кірістер, Әділет, Қылмыстық-атқару жүйесі, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің өкілдері, сондай-ақ басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала әкімдігінің мәліметінше, күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау науқанына дайындық аясында сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды. 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауы – еліміздің  қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды, тарихи оқиғалардың бірі. Осы орайда, сайлау процесін ашық, әділ және заң талаптарына сай өткізу басты басымдық болып саналады.

Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссиялары бірлесе отырып, дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Айта кетсек, жалпы қазіргі таңда 365 сайлау учаскесі тіркелген. Қала бойынша сайлаушылар саны 714 мыңнан астам адамды құрайды.

Сонымен қатар, қаладағы террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу деңгейіне жүргізілген талдау қорытындылары талқыланып, оларды қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты міндеттер белгіленді.

Отырыс барысында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту, профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін арттыру және қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейту жөнінде тиісті міндеттер жүктелді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрғындардың тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау – мемлекеттік органдар қызметінің басты басымдықтарының бірі.