538 жағдай жол апатына қатысты болған
ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы жарты жылдық қызметін қорытындылады. Төтенше жағдайлар, жол-көлік оқиғалары және түрлі шұғыл жағдайлар кезінде тәулік бойы көмек көрсететін мекеме 6 айда ауқымды жұмыс атқарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еліміз бойынша жұмыс істейтін 20 филиалдың мамандары осы уақыт ішінде 4 942 рет шақыртуға шыққан. Оның ішінде 538 жағдай тікелей жол-көлік оқиғаларына қатысты болды. Есепті кезеңде 1 836 зардап шегушіге шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, 782 адам емханалар мен ауруханаларға жеткізілді.
Сондай-ақ республикалық тасжолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде трассалық медициналық-құтқару бекеттері маңызды рөл атқарды. Алты ай ішінде бұл бекеттер 849 рет шақыртуға шығып, 1 199 адамға алғашқы көмек көрсеткен.
Қазіргі таңда Орталық шұғыл ден қою жүйесін жетілдіруді жалғастырып жатыр. Алдағы уақытта филиалдар мен трассалық бекеттердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, заманауи медициналық техникамен, санитариялық автокөліктермен және цифрлық технологиялармен жарақтандыру жоспарланып отыр. Бұл шаралар төтенше жағдай кезінде көмек көрсету жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.