Дауыл соғып, ондаған үйдің шатырын ұшырып әкетті: Екібастұзда төтенше жағдай режимі жарияланды

Автор: Асыл Арман

Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі нақтыланып жатыр

Фото: Видеодан скрин

Екібастұзда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Мұндай шешім өткен демалыс күндері өңірде болған алапат дауылдан ең көп зардап шеккен Құдайкөл ауылын қалпына келтіруге бюджеттен қаражатты жедел бөлу үшін қабылданды.

Қолайсыз ауа райы Павлодар облысын нөсер жаңбыр, қатты жел және бұршақпен әбігерге салды. Салдарынан алты адам жарақат алды.

Құдайкөл ауылында дауыл ондаған үйдің шатырын ұшырып, тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды бүлдірді, сондай-ақ электр желілерін үзді.

Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі нақтыланып жатыр. Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдай режимі 22 шілдеден бастап күшіне енген және дауылдың салдары толық жойылғанға дейін сақталады.