Куәгерлердің сөзінше, бұл жолы жауған бұршақтың көлемі едәуір ірі болған
Ақмола облысында Көкшетау қаласына іргелес орналасқан Красный Яр ауылында ірі бұршақ жауып өткен. Тосын құбылыс санаулы минуттың ішінде жерді ақ көрпеге орап, қыс мезгілін еске салған көрініс қалыптастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде табиғаттың тосын мінезін таспалап үлгерген тұрғындардың видеолары мен суреттері кең тарап жатыр. Кадрлардан бұршақтың өте қалың жауғаны байқалады. Куәгерлердің айтуынша, жер бірнеше минуттың ішінде аппақ түске боялып, қар жауғандай әсер қалдырған.
Әзірге бұршақ салдарынан қандай да бір шығын тіркелгені туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Алайда әлеуметтік желідегі кадрлар бұл жолғы жауын-шашынның ерекше күшті болғанын аңғартады.