СҚО-да дәрігерлер тынысы тоқтаған ер адамды ажалдан аман алып қалды

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар клиникалық өлімнен азаматты шығарып алған

Фото: gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысында жедел жәрдем бригадасы клиникалық өлім жағдайында болған 50 жастағы ер адамды ажалдан аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Қызылжар ауданының Бескөл ауылында болған. Жедел жәрдем пультіне тұрғынның тынысы тарылып, тұншығып жатқаны туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына жеткен фельдшерлер Айдар Омаров, Павел Кузурман және жүргізуші Бахыт Валеев науқастың жүрегі тоқтап, клиникалық өлім жағдайына түскенін анықтайды.

Медицина қызметкерлері халықаралық ACLS стандарты бойынша шұғыл реанимациялық шараларға кірісті.

Тексеру барысында ер адамның тамағына «чечел» ірімшігі тұрып қалғаны белгілі болды. Бөгде затты жедел сыртқа шығарып, трахеяны интубациялағаннан кейін науқастың жүрек соғысы қайта қалпына келтірілді.

Ауруханаға жеткізу кезінде тұрғын өздігінен тыныс ала бастаған. Қазіргі уақытта ол Қызылжар аудандық ауруханасына орналастырылды, дәрігерлер оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ екенін айтады.

Айта кетейік, адам өмірін арашалап қалған медиктер өз ісінің нағыз мамандары. Бригада көшбасшысы Айдар Омаров 2025 жылы Ақтау қаласында өткен Республикалық жедел жәрдем бригадаларының чемпионатында СҚО намысын қорғап, жүлдегер атанған. Ал оның әріптесі Павел Кузурман BLS, ACLS, PALS секілді халықаралық стандарттар бойынша арнайы дайындықтан өткен. Oблыстық жедел медициналық жәрдем орталығының қызметкерлері күнделікті жұмысында озық халықаралық тәжірибені сәтті қолданып келеді.