Астанада әйел адам 60-тан аса адамды алдап, жарты млрд теңгесін қағып алған: ол небәрі 6,8 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Ол өзін ықпалды таныстары бар адам ретінде көрсеткен

Фото: istockphoto.com

Астанада таныстары мен көршілерінің сеніміне кіріп, оларды миллиондаған теңгеден айырған әйелге сот үкімі шықты. Тергеу мәліметінше, 60-тан астам азаматты алдап, олардың 500 миллион теңгеден асатын ақшасын иемденген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның ұзақ уақыт бойы жауапкершіліктен жалтаруына жәбірленушілермен арадағы сенімді қарым-қатынасы себеп болған. Прокуратураның мәліметінше, қылмыскер өзін ықпалды таныстары бар адам ретінде көрсетіп, ипотеканы жедел рәсімдеуге және тұрғын үй сатып алуға көмектесе алатынына азаматтарды сендірген. Осылайша ол жәбірленушілерді өзіне ақша беруге, өз атына несие рәсімдеуге немесе жылжымайтын мүліктерін кепілге қоюға көндіріп, кейін алынған қаражатты иемденіп отырған.

Бұдан бөлек, ол декреттік төлемдерді рәсімдеуге жәрдемдесетінін айтып, азаматтардан пайызбен ақша алып, оны үстеме табыспен қайтаратынына уәде берген. Алайда уәдесін орындамай, қаражатты қайтармаған.

Мәселен, жәбірленушінің сеніміне кірген сотталушы оны банкке екі бөлмелі пәтерін 16 млн теңге көлеміндегі несиеге кепілге қоюға көндірген. Ол несиені өзі төлейтінін және үш бөлмелі пәтер сатып алуға көмектесетінін уәде еткен. Ал ақшаны өз пайдасына жұмсаған. Бастапқыда несиенің бір бөлігін төлегенімен, кейін төлемдерді тоқтатып, байланысқа шықпай қойған. Соның салдарынан жәбірленушіге 9 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Тағы бір жағдайда әйел жәбірленушінің жұбайына тиесілі декреттік төлемді көбейтіп беруге көмектесетінін айтып, одан 5 млн теңгеден астам ақша алған. Алайда уәдесін орындамай, қаражатты өз пайдасына жаратып жіберген.

«Жалпы алғанда, оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жәбірленушілерге 500 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтарды ұсынды. Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, жекелеген эпизодтар бойынша жасаған ісіне өкініш білдірді. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Қала прокуратурасы аса ірі мөлшерде меншікке қарсы қылмыс жасау мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады және азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады.