Қазақстан инвестициялық нарықтың тұрақтылығы тұрғысынан Орталық Азиядағы көшбасшылықты сақтап келеді
Қазақстан Орталық Азиядағы ең тұрақты инвестициялық нарық ретіндегі өз айқындамасын үнемі нығайтып келеді. Safest Countries for Investors 2026 рейтингінің мамыр айындағы нәтижесі бойынша Қазақстан 2025 жылдың қазанында иеленген 70-орыннан 53-орынға көтеріліп, 150 мемлекеттің ішінде өз көрсеткішін едәуір жақсартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл нәтиже елдің экономикалық тұрақтылығына және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, институттарды дамыту және қолайлы инвестициялық ахуал жасау саясатының тиімділігіне деген халықаралық сенімнің артуын көрсетеді. Бұл ретте Қазақстан өңірдегі көшбасшылығын сақтап, Орталық Азия елдерінен, сондай-ақ ірі экономикасы бар бірқатар елден асып түсті.
Бұл рейтингтің ерекшелігі – тартылған инвестиция көлемін емес, экономика мен мемлекеттік институттардың ұзақ мерзімді тұрақтылығы тұрғысынан инвестициялық қауіпсіздік деңгейін бағалайтындығында. Әдістеме макроэкономикалық тұрақтылық, мемлекеттік басқару сапасы, саяси және валюталық тәуекелдер, реттеуші ортаның тиімділігі және экономиканың сыртқы дағдарыстарға төтеп беру қабілеті секілді көптеген факторды ескереді. Қазақстанның жоғары серпіні халықаралық инвесторлар арасында елімізді әлемдік экономикалық белгісіздік жағдайында да тұрақтылықты сақтауға қабілетті болжамды және салыстырмалы түрде тұрақты юрисдикция ретінде қабылдауын көрсетеді.
Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын одан әрі нығайту мемлекеттік институттардың сапасын дәйектілікпен жақсартумен, инвесторларды қорғау тетіктерін жетілдірумен және бизнесті жүргізудің айқын шарттарын қамтамасыз етумен байланысты. Оң серпінді сақтау елдің халықаралық рейтингтердегі айқындамасын жақсартып қана қоймай, сонымен қатар шетелдік капитал арасындағы сенім деңгейін арттырып, бұл тұрақты экономикалық өсімнің қосымша факторына айналады және Қазақстанның әлемдік инвестициялық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтады.