Қостанайда ерін пластикасын сапасыз жасаған жалған хирург сотта жауап берді
Ол дипломсыз жұмыс істеген
Өзін пластикалық хирургпын деп таныстырған келіншек лицензиясы мен дипломы болмаса да, сұлулық іздеген азаматшаға ота жасаған. Соңы сотпен аяқталған азаматтық істе сот зардап шеккен тұрғынның пайдасына 1,3 миллион теңгеден астам өтемақы өндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сүйенсек, 2024 жылдың қазанында азаматша Г. «маманға» барып, 120 000 теңгеге хейлопластика (ерін пластикасын) жасатқан. Алғашқы нәтиже көңілінен шықпаған соң, 2025 жылдың сәуірінде 90 000 теңге төлеп, қайта ота жасатады.
Алайда, екі бірдей отадан кейін де еріннің пішіні оңалмай, керісінше, бет келбеті бұзылған. Уәкілетті органның тексерісі бұл «хирургтың» пластикалық хирургия бойынша сертификаты да, медициналық лицензиясы да жоқ екенін әшкереледі.
Арнайы тағайындалған сот-медициналық сараптама ота кезінде тіндердің шамадан тыс алынып тасталғанын, соның салдарынан жоғарғы ерінде тыртықты деформация пайда болғанын растады. Мұндай сапасыз араласу талапкердің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірген.
Қостанай қалалық соты талап қоюды ішінара қанағаттандырды. Енді жауапкер талапкерге:
- 210 000 теңге – екі ота үшін төленген қайтарымды,
- 700 000 теңге – моральдық өтемақыны,
- 457 000 теңге – сот сараптамасының шығынын толық өтейді.