Сауд Арабиясы қажыларға арналған жаңа бір жылдық визаны іске қосты
Визамен елде жүрудің жалпы мерзімі 90 күннен аспауы тиіс
Сауд Арабиясы Умра қажылығын өтеуші мұсылмандар үшін мерзімі бір жылға созылатын жаңа көпмәртелік визаны енгізді. Енді қажылар құжат берілген сәттен бастап 365 күн ішінде корольдікке бірнеше рет бара алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қажылық және Умра істері министрлігінің хабарлауынша, мұндай визамен елде жүрудің жалпы мерзімі 90 күннен аспауы тиіс. Бұл бастама сапарларды жеңілдетуге және қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған «Saudi Vision 2030» стратегиясы мен «Pilgrim Experience» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Жаңа визаны тек аккредиттелген оператор арқылы Nusuk Umrah платформасынан Умра қызметтерінің ресми пакетін сатып алу кезінде ғана алуға болады. Осы сервис арқылы виза рәсімделіп, қонақүй, көлік және авиабилеттер брондалады. Бұдан бөлек, сапар алдында қажылар Умра жасауға электронды рұқсатты алдын ала алуы қажет.
Қажылық аяқталып, елден шыққаннан кейін виза автоматты түрде деактивацияланады. Келесі келген кезде барлық белгіленген талап орындалған соң, оны қайта белсендіруге болады. Айта кету керек, жыл сайынғы өтетін негізгі қажылық маусымы кезінде бұл визаның қолданысы тоқтатыла тұрады.
Euronews хабарлауынша, 2026 жылдың басынан бері Сауд Арабиясы умра визасы бойынша 931,5 мыңнан астам қажыны қабылдаған, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 22,5%-ға артық. Ең көп қонақ Пәкістан, Индонезия және Ирак елдерінен келген.
Умраның қажылықтан айырмашылығы ол ерікті түрде орындалады және оны жылдың кез келген уақытында өтеуге болады. Ал қажылық тек Зүл-хиджа айының белгілі бір күндерінде өтеледі және өмірінде set кемінде бір рет оны орындауға физикалық әрі қаржылық мүмкіндігі бар мұсылмандар үшін парыз болып саналады.
Сауд Арабиясының Бас статистика басқармасының (GASTAT) мәліметінше, 2025 жылы елге қажылыққа 1,5 миллионнан астам шетелдік қажы келген, ал корольдік тұрғындарын қосқанда қажылыққа қатысушылардың жалпы саны 1,6 миллионнан асқан.