«Құсбегілік» федерациясының мүшесі Қарағандыда Қызыл кітапқа енген құстарды заңсыз асыраған

Заңсыз тәлімбақтан Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құс алынды

«Құсбегілік» федерациясының мүшесі Қарағандыда Қызыл кітапқа енген құстарды заңсыз асыраған
Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Павлодар облысында заңсыз ұйымдастырылған тәлімбақтан Қазақстанның Қызыл кітабына енген 35 жыртқыш құс тәркіленді. Тергеу мәліметінше, сирек кездесетін ителгі, бүркіт пен лашынды заңсыз ұстап, асыраумен айналысқан күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметіне сүйенсек, күдікті 2017 жылдан бастап «Құсбегілік» федерациясының және Қазақстанның ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі бола отырып, Қарағандыдағы жеке үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ашқан.

Аңшылық, қыран құстарды күтіп-баптау және емдеу тақырыбына арналған Instagram парақшасы арқылы ол табиғи мекендеу ортасынан заңсыз алынған сирек жыртқыш құстарды жеткізіп беретін адамдармен байланыс орнатқан.

«Тінту барысында оның тұрғылықты мекенжайынан 35 жыртқыш құс анықталып, тәркіленді.  Олардың қатарында ителгі, бүркіт және лашын бар. Аталған құстар Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі төнген жануарлар санатына жатады. Күдікті қамауға алынды», – делінген ҚМА хабарламасында.

Сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне тыйым салынды. Қазіргі уақытта құстар уақытша Қарағанды қаласының хайуанаттар бағында. 

Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына жіберіледі. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.