Бұл талап ауа температурасы +25 градустан жоғары көрсеткенде, әр өңірге белгіленген уақыт аралығында қолданылады
«ҚазАвтоЖол» жаз мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктеріне қойылатын уақытша шектеу әлі де күшінде екенін еске салып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Яғни, 1 маусымнан бастап бір білікке 8 тоннадан артық жүк түсіретін ауыр жүк көліктерінің белгіленген уақытта жолға шығуы шектелген еді. Бұл талап ауа температурасы +25 градустан жоғары көрсеткенде, әр өңірге белгіленген уақыт аралығында қолданылады. Шектеу аптап ыстықта жұмсаратын асфальтты қалпында сақтап, жолдың бүлінуіне жол бермеу үшін енгізілген еді.
Атап айтсақ, 1 маусым мен 15 тамыз аралығында Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында шектеу 11:00-21:00 аралығында жүреді.
Ал Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында 1 маусымнан 31 тамызға дейін 10:00-22:00 аралығында қолданылады.
Бұл талап халықаралық тасымалға, жолаушылар автобустарына, тез бұзылатын азық-түлік, қауіпті жүк, гуманитарлық көмек тасымалдайтын көліктерге, сондай-ақ әскери және төтенше жағдай қызметтерінің көліктеріне жүрмейді.
«ҚазАвтоЖол» тасымалдаушыларға жолға шығар алдында ауа райын ескеріп, жүктің салмағы мен осьтерге түсетін күшті алдын ала тексеріп алуды кеңес етеді.