Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізушіні Ескелді аудандық орталық ауруханасына жеткізді
Жетісу облысының Ескелді ауданында қатты соққан желдің салдарынан жолға құлаған ағаш жеңіл көлікпен соқтығысып, жүргізуші ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 21 шілде күні Қарабұлақ – Текелі автожолының «Өмір бұлақ» шатқалы маңында болған. Қатты желден алып ағаш жолдың үстіне құлап, сол сәтте келе жатқан Toyota Camry көлігі оған соғылған.
Көлікте барлығы бес адам болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші Ескелді аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы тұрақты. Ешбір адам көлікте қысылып қалмаған.
«Оқиға орнына жеткен құтқарушылар құлаған ағашты аралап, жолдың жүру бөлігін тазартты. Көлік қозғалысы қайта қалпына келтірілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
ТЖД мамандары қатты жел кезінде жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, жолдағы жағдайды мұқият бақылауға және ауа райын ескеріп жүруге кеңес берді.