Павлодарда жасөспірім қыз бала ішімдік ішкеннен кейін есінен танып қалған: оған полиция көмек көрсетті

Автор: Асыл Арман

Жасөспірім қыздың ата-анасы жауапқа тартылды

Фото: istockphoto.com

Павлодар қаласында бассейн маңындағы гараждар аумағында полиция қызметкерлері ішімдік ішкеннен кейін ес-түссіз жатқан кәмелетке толмаған қыз бала анықталды. Полиция жасөспірім қызды медициналық мекемеге жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қоғамдық орында масаң күйде жүргені, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қыз баланың заңды өкіліне қатысты әкімшілік материал рәсімделді», – деді Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.

Павлодар облысының Полиция департаменті жыл басынан бері полиция қызметкерлері 18 жасқа толмағандардың қоғамдық орындарда масаң күйде жүруіне және алкогольдік ішімдіктерді тұтынуына байланысты 90 құқық бұзушылықтың жолы кесілгенін мәлім етті. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін 1809 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қайда жүргенін қатаң бақылауға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көбірек көңіл бөлуге және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі – отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпауға шақырады.