Астанада жүк көлігі жеті көлікті соғып, аударылып қалды (ВИДЕО)

Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі жарақат алды

Астанада жүк көлігі жеті көлікті соғып, аударылып қалды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Астанада Shacman маркалы жүк көлігі жүргізушісінің көлікті басқара алмай қалуы салдарынан жол жиегінде тұрған жеті автокөлікке зақым келтірді. Жол апаты кезінде жүк көлігінің жүргізушісі жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 20 шілде күні болған. Shacman жүк көлігі Горбатый көпірінен Ақжол көшесіне түсетін съезбен келе жатқан. Жаяу жүргіншілер бағдаршамының алдында жүргізуші тоқтап тұрған көліктермен соқтығысудың алдын алмақ болғанымен, рөлге ие бола алмай қалған.

Салдарынан жүк көлігі жол жиегіндегі жиектасқа шығып кетіп, тұрақта тұрған төрт көлікпен соқтығысып, кейін аударылған. Инерцияның әсерінен тағы үш автокөлік зақымданған.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі жарақат алды. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалды.