«2,5 келіге жетті»: Тайландтан санитариялық авиациямен жеткізілген шала туған сәби екі айдан кейін үйіне шықты

Ол осыдан екі ай бұрын Қазақстанға арнайы траспорттық кювез арқылы жеткен еді

«2,5 келіге жетті»: Тайландтан санитариялық авиациямен жеткізілген шала туған сәби екі айдан кейін үйіне шықты
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Тайландтың Пхукет қаласында шала туған Аслан есімді сәби Қазақстанға ауыр халде жеткізілгеннен кейін екі ай бойы дәрігерлердің бақылауында болып, қазір үйіне шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, сәби Қазақстанға небәрі 1 ай 18 күнінде санитариялық авиация арқылы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілген. Оның салмағы өте аз болған, ал жағдайы ауыр деп бағаланған.

Нәресте бірден жаңа туған сәбилердің реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылған. Емдеу барысында дәрігерлер оның өміріне қауіп төндірген жасырын ішек перфорациясын анықтап, шұғыл ота жасаған. Балалар хирургтері қауіпті патологияны жойып, сәбидің өмірін сақтап қалған.

Одан кейінгі екі айдан астам уақыт бойы Аслан неонатологтер, анестезиолог-реаниматологтер, балалар хирургтері мен басқа да мамандардан құралған мультидисциплинарлық топтың үздіксіз бақылауында болды.

Дәрігерлердің айтуынша, кешенді емнің нәтижесінде баланың жағдайы тұрақтанған. Осы уақыт ішінде оның салмағы 1200 грамға артып, бүгінде 2,5 келіге жеткен. Қазір сәби өздігінен тыныс алып, табиғи жолмен қоректенеді. Ішек қызметі де қалпына келе бастағандықтан, емдеу мен оңалтуды енді үй жағдайында мамандардың бақылауымен жалғастырады.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Абай Құсайынов мұндай күрделі жағдайда әрбір медициналық шешімнің маңызды болғанын айтты.

«Уақытылы ұйымдастырылған медициналық эвакуацияның, жедел диагностиканың, шұғыл хирургиялық араласудың және мамандардың кәсіби жұмысының арқасында баланың өмірін сақтап қала алдық. Сондай-ақ отбасы қымбат тұратын медициналық көмектің толық көлемін мемлекет есебінен тегін алды», – деді ол.

Еске салайық, биыл наурыз айында Қазақстаннан Тайландқа демалуға барған ерлі-зайыптының сәбиі жүктіліктің 28-аптасында мерзімінен бұрын дүниеге келген еді. Жаңа туған нәрестенің жағдайы ауыр болып, ол ұзақ уақыт Пхукеттегі аурухананың жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Отбасы қымбат емнің шығынын көтеруге мәжбүр болып, әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған болатын. Арада бір жарым ай өткен соң Қазақстанның санитариялық авиациясы анасы мен нәрестені Алматыға жеткізіп, сәби Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жатқызылды. Екі айға созылған емнен кейін дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, бүгін үйіне шығарды.