Партия квота талабын толық орындаған
«Әділет» партиясының саяси мүшесі Рауан Кенжехан ОСК тіркеген партиялық тізімнің 86 пайызы жаңа тұлғалар екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін біз үшін шынымен де өте маңызды күн. Орталық сайлау комиссиясы біздің Мәжіліске ұсынған 186 кандидатымыздан тұратын партиялық тізімді тіркеді. Біздің тізім едәуір жаңарған, онда жаңа есімдер өте көп. Кандидаттардың 86%-ы – су жаңа адамдар. Сонымен қатар, тізімнің 47%-ын әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар құрап отыр. Яғни, бұл санат бойынша белгіленген квота талабы асыра орындалды», – деді ол брифингте.
Оның айтуынша, тізімде ел үшін маңызды барлық сала мен индустрия өкілдері бар.
«Біз кәсіби парламент идеясына сенеміз. Соған сәйкес, бұл тізімді жасақтау кезінде, ең алдымен, адал еңбегімен танылып, өз саласында жоғары беделге, біліктілік пен сараптамалық тәжірибеге ие болған азаматтарды қамтуды басты назарда ұстадық. Олардың білімі мен тәжірибесі болашақ заң шығару жұмысында өте қажет болады», – деді Рауан Кенжехан.
Сондай-ақ ол «Әділет» партиясы цифрлық мемлекет құруды негізгі басым бағыттардың бірі ретінде қарастырып отырғанын жеткізді.