СҚО-да 16 жастағы бозбала қазаншұңқырдағы суға батып кетті
Оны ТЖМ қызметкерлері шығарып алды
Солтүстік Қазақстан облысында суда тағы бір қайғылы оқиға болды. Шомылу кезінде 16 жастағы жасөспірім қаза тапты. Маусым басталғалы бері бұл өңірдегі су айдындарында тіркелген алғашқы қайғылы жағдай емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға Ақжар ауданында, Бостандық ауылынан бес шақырым жерде болған.
«2010 жылы туған 10-сынып оқушысы шомылуға тыйым салынған жасанды котлованға батып кеткен. Жасөспірімнің денесін ТЖД қызметкерлері судан тауып, шығарып алды», -деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Құтқарушылардың мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері Солтүстік Қазақстан облысының су айдындарында 16 оқиға тіркелген. Оның екеуі адам өлімімен аяқталды Ақжар ауданындағы Шат өзенінде және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Есіл өзенінде.
Жасөспіріммен болған оқиға су айдындарында қаза тапқандардың ресми статистикасына енгізілген жоқ, өйткені қайғылы жағдай жасанды котлованда болған. Ал ол ТЖМ талаптарына сәйкес су нысандарына жатпайды.
ТЖД өңірде 60-қа жуық өзен, 2 329 көл және 127 жасанды котлован бар екенін ескертеді. Тұрғындардың қауіпсіз демалуы үшін 61 ресми шомылу орны белгіленген, олар 13 көлде және Есіл өзенінде орналасқан.