Атырауда ер адамнан ірі көлемде синтетикалық есірткі табылды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оның Альфа-pvp синтетикалық есірткі заты екені белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Атырау облысында есірткі таратумен айналысты деген күдікпен 41 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тінту барысында күдіктінің автокөлігінен 125 грамм есірткі табылды. Сондай-ақ оқиға орнында жасырған жерінен 81 грамм есірткі тәркіленді. Жалпы салмағы 206 грамм болатын Альфа-pvp синтетикалық есірткі заты екені анықталды.

«Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға  жатпайды», - делінген облыстық ПД хабарламасында.

Полиция есірткіге қатысты кез келген заңсыз әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.