Құрамында 22 адам болған халықаралық экипаж эвакуацияланды
Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы тағы да шабуылға ұшырады. Компанияның мәліметінше, 20 шілдеде ұшқышсыз ұшу аппараты мұнай тиеу жұмысы жүргізіліп жатқан NELSA азаматтық танкеріне шабуыл жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
КҚК мәліметінше, 19 шілденің кешінде Қазақстан мен АҚШ жүк жөнелтушілерінің мұнайын тиеу қайта басталған. Алайда келесі күні теңіз терминалы тағы да шабуылға ұшырады.
Консорциумның хабарлауынша, дрон NELSA танкерінің оң жақ бортындағы артқы бөлікке, қондырма мен машина-қазандық бөлімінің арасына тиген.
Соққы салдарынан палубада және кеменің ішкі бөлімдерінде өрт шыққан. Өрт бірнеше сағат ішінде танкер экипажы мен КҚК-ның авариялық-құтқару бөлімшелерінің күшімен сөндірілді.
Құрамында 22 адам болған халықаралық экипаж эвакуацияланды. Кемеде тек капитан мен аға көмекшісі қалды. Компанияның мәліметінше, танкер жүзуге жарамды күйде қалған.
Оқиғадан кейін мұнай тиеу жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар КҚК мәліметінше, мұнайдың төгілуіне және жүк цистерналарында өрт шығуына жол берілмеген.
КҚК таратқан хабарламада бұл оқиға террористік шабуыл ретінде бағаланды. Консорциум мұндай әрекеттердің экологиялық және техногендік тәуекелдерді күшейтіп, халықаралық экипаж мүшелерінің өміріне қауіп төндіретінін мәлімдеді.
Сондай-ақ КҚК консорциумға мүше мемлекеттер бұл оқиғаны айыптап, көмірсутек шикізатын экспорттайтын инфрақұрылым нысандарына жасалуы мүмкін жаңа шабуылдардың алдын алу үшін нақты шаралар қабылдайды деген үміт білдірді.