Талдықорғанда 14 жастағы қыз бала марғау қуамын деп 4 метрлік ашық құдыққа құлап кетті

Тәртіп сақшылары арқанның көмегімен қыз баланы құдықтан аман-есен алып шықты

Талдықорғанда 14 жастағы қыз бала марғау қуамын деп 4 метрлік ашық құдыққа құлап кетті
Фото: скриншот

Талдықорғанда ашық жатқан 4 метрлік құдыққа құлаған жасөспірім қызды полицейлер құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті полиция департаменті хабарлағандай, түнгі сағат 00:00 шамасында полицияға кәмелетке толмаған қыздың ашық жатқан 4 метрлік құдыққа құлап кеткені туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына патрульдік полиция ротасының қызметкерлері мен «Бүркіт-163» және «Бүркіт-164» экипаждары жедел жетіп, құтқару жұмыстарына кірісті. Тәртіп сақшылары арқанның көмегімен қызды құдықтан аман-есен алып шықты.

«Қыз баланы құдықтан шығарып алғаннан кейін оны медицина қызметкерлеріне тапсырдық. Дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсетті. Сондай-ақ оқиға орнындағы ашық жатқан құдыққа қатысты тиісті шаралар қабылданды», – деп хабарлады полиция.

Зардап шеккен қыздың сіңлісінің айтуынша, олар марғауды қуып жүрген кезде әпкесі ашық жатқан құдықты байқамай, ішіне құлап кеткен.

Оқиғадан кейін учаскелік инспекторлар қауіпті құдықты жабу жөнінде нұсқама беріп, жауапты тұлғаларға қатысты шара қабылдау туралы тапсырма шығарды. Сонымен қатар қыздардың ата-анасына түнгі уақытта балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау және олардың қауіпсіздігін күшейту жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.